+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

ҚҰРМЕТТІ КІТАПСҮЙЕР ОҚЫРМАНДАР!

Осы күнге дейін қазақ прозасында 1931-33 жылдар аралығында ашаршылық тақырыбына талай кітаптар жазылды. Бірақ, қазақ әдебиетінде бүгінге дейін бастан-аяқ нақты осы тақырыпқа арналып жазылған бірде-бір роман болған жоқ. Десек те, қазақ әдебиетіндегі осы олқылықтың орнын жерлес жазушымыз Момбек Әбдәкімұлы "Зобалаң" деген деректі романы арқылы толтырыпты. Мен, сіздерге, құрметті оқырман, ол кітаптың қандай оқиғалармен басталып, қандай жантүршілерлік көріністермен жазылғанын тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Бірақ ол кітапты көңілің босамай, жаның жасымай оқу мүмкін еместігін бір ғана сөзбен айтып өтсем де жеткілікті. Өйткені "Зобалаңда" сол жылдардағы ашаршылықтың нақты қандай себептерге байланысты басталғаны және сол ашаршылықтың нақты ақиқаты жазылған. Онда бұрын-соңды ешбір әдеби жазбаларда жазылмаған сұмдық оқиғалар ашып көрсетілген және бәрі де нанымды берілген. Кітапта ашаршылық зардабын тартып жүрген адамдардың азапты тағдырларымен қатар, сол кездегі озбыр белсенділердің де образдары әдемі ашылған. Шығармада аталмыш кезеңдегі қазақ халқының ауыр тағдыры белгілі бір оқиғалы желілер арқылы беріліп отырады. Мұны кітапты оқыған кез келген көз ашық оқырмен әдемі түсінеді. Одан соң кітап өте жатық, жеңіл тілмен жазылған. "Зобалаңды" оқуға құмартқан оқырмандар болса, ол кітапты Шымкент қаласындағы Әл-Фараби (бұрынғы "Отырар") және де басқа да кітапханалардан алып оқуына болады.