+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Даналық әліппесі»

«Даналық әліппесі»
«Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешені тұралы қысқаша мағлұмат.
Жоба авторы – Нұралы Құдайбергенұлы
Құрастырушы – Бижан Игенбаева
«Interactiv Kazakhstan» компаниясының базасында жоба авторы Нұралы Құдайбергенұлының басшылығымен жалпы көпшілік қауымға арналған инновациялық оқу-тәрбие кешені – «Даналық әліппесі» – жарық көрді. Бұл кешенде халықтың дәстүрлі шығармалары мен ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп келе жатқан саф алтындай кәусар рухани дүниелер топтастырылған.
«Даналық әліппесі» – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерліктері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен, мысалы халық әні, халық жыры, күй, ертегілер, аңыздар және тағы басқа халық тағылымдарының жиынтығы. Олар – қазақ халқының ата-бабасынан баласына қалдырған рухани құндылығы. Бұл дегеніміз – өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеу, сол арқылы ұлттық бет-бейнемізді, ежелден келе жатқан дүниетанымымызды сақтап қалу, бала интеллектісін ерте жастан дамыту, ұлттық сананы қалпына келтіру.
«ХVI-ХVII ғасырларда қазақ халқында келіні бала көтерген үйге белгі салған. Белгіні көрген ақын-жыраулар, би-шешендер сол үйге ат басын бұрып, өнерін көрсетіп, батасын беріп, өсиетін айтып отырған. Нәтижесінде Төле би, Қазбек би, Әйтеке би сияқты даналар дүниеге келген. Осы дәстүрді жаңғыртуға «Даналық әліппесі» ықпал етеді деген үміттеміз.
Аталған жинақ – өмірге келген баланың рухани қажеттілігін қанағаттандыруда қолдануға икемді «сөйлейтін қаламның» көмегімен, бала бойына халқымыздың даналығын табиғи қалпында дарытуды көздейтін біртұтас жүйелі тәрбие құралы» – деп атап көрсетеді жоба авторы нұсқаулықтың кіріспесінде.