+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Жақсы дәстүр – отбасының тірегі»

Облыстың ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Облыстың аудан, қалаларында отбасының беделін көтеру, мәдениеттілікті, неке және отбасы құндылықтарын насихаттау және қоғамның гендерлік мәдениетін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын іске асыру және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мақсатында «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі мен «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 7 қыркүйегінде «Отбасы» күніне орай «Жақсы дәстүр – отбасының тірегі» тақырыбында кездесу өткізді. 
Іс-шараға «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, қоғам қайраткері Күлия Смайылханқызы Айдарбекова, Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Абданбекұлы Тағаев және аталмыш орталықтың қызметкерлері, ОҚО Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Алиакбарұлы Ұлықбек, Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Айтбекқызы Жандосова, психолог Гүлсара Малғайдарова және қалың оқырман қауым қатысты. Іс-шарада сөз алған баяндамашылар отбасы және оның құндылықтары, отбасы тәрбиесіндегі әйелдің орны мәселелерін саяси, әлеуметтік және діни тұрғыларда жан-жақты талқылап, мәселенің маңызын аша түсті. 
Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерін мен әдет-ғұрыптарын, қазақстандық қоғамда отбасы институтының құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Бұл ұйымдастырылған іс-шара отбасы институтының маңыздылығы мен қоғамдағы орны мен рөлін жете түсініп, ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз мен әдет-ғұрыптарымызды қастерлеуге үндеді. 
Отбасы және неке мәселесіне қатысты арнайы дайындалған бейнефильмдер көпшілік назарына ұсынылды. 
Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау бағытында қазақ әйелі Сәдуақасова Айнажан бөбегі Оразды бесікке бөлеп, «бесік жырын» айтып берді. 
№65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған әнші балапандар «Жаса, қазақ» әнін орындап, көпшілік назарын өзіне аударды. 
Іс-шара соңына қарай психолог Гүлсара Малғайдарова көпшілік қауымға түрлі психологиялық жаттығулар өткізіп, өтіп жатқан кездесуді жандандыра түсті.
Бүгінгі іс-шараның тақырыбына арналған көрме ұйымдастырылып, көрмеге атсалысқан кітапханашыларға "Ғаламат" қоғамдық бірлестігі атынан сыйлықтар ұсынылды.