+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

Фараби-Online

Әлем ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби туралы аңыз.
Жолы түсіп, туған жері Отырарға қайта оралған бір шақта әл-Фараби төңірегіне ел балаларын жинап, оларды оқытуды ниет етеді. Кешікпей-ақ, ғұлама жерлесінің алдын көруге жиналған шәкірттердің саны көбейе түседі. Сондай күндердің бірінде бір жас бала сабаққа келгенде, оның атын сұраса, айтпайды. Жас шәкірт екі қолын көкірегіне басып, тағзым етіп тұрып былай дейді: – О, қадірлі ұстазым, өз есімімді өзім атай алмауыма мен жазықты емеспін. Ата-анам біле тұра маған сіз сияқты ұлы адамның атын қойыпты. Осы атым үшін талай рет опық жедім. Біреулер – қандай жақсы есім, Екінші ұстазға ұқсасаң игі десе, енді біреулер – қорашыл төбетті бөрбасар атаса да тазы болмас деп, мазақ етеді. – Жақсы, балам, есімің Әбу-Наср екен, одан әрі қалай еді? – деп сұрайды Фараби. – Осыған Исмаил Хаммедұлы дегенді қоссаңыз болады. – Дұрыс, – дейді Фараби, – Әбу Наср Исмаил бин Хаммед. Бір Әбу-Наср оқытты, екінші Әбу-Наср оқыды, онда тұрған не бар. Бір Жауһариден (Ғаббас бин Саид әл-Жауһари Отырардан Бағдатқа барған математик, астроном, Бәйт ел-Хикметте профессор болған) оқыдым, екінші жауһариді оқыттым деп, мен де айтып жүрейін. Өмірің ұзақ болғай! Балам, Ғаббас Жауһаримен қандай жақындығың бар? – Ол кісі бабаммен – туажат екен, әкеммен – жүрежат, менімен – тумайжат болады. Біздің арғы бабаларымыз – аталас, тіптен, құлажат – бір ауыл екенбіз. Жазғы жайлауымыз бір, тайпамыз – қаңлы. Неге екенін білмеймін, көбінесе қыпшақ дейтінін естіп жүрмін, − депті шәкірт бала. Әл-Фарабиден оқыған осы бала кейін көрнекті ғалым болады. Бағдатта ұстаздық етіп, «Сыхақ фи-л-лұғат» деген кітап жазады. Осы еңбегі араб тілінің көптеген кейінгі сөздіктеріне негіз болады. Әбу-Наср Исмаил бин Хаммед әл-Жаһари (937-1003 жылдар шамасы) өз заманының белгілі қайраткері де болған.

#ӘлемойшылыӘбуНасырӘл-Фарабитуралыаңыз.
#Отыраркітапханасы
#Фарабионлайн
#Бізбіргеміз