+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

ФАРАБИ - online

Бағдат халифасы Харун Әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен. Бірде Әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф Әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед Әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды. – Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан. Әбу-Насыр Әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады. – Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан. – О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді Әл-Фараби. – Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан. Мұхаммед Әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді: – Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар! Сонда Мұхаммед Әл-Фараби жымиып күледі де: – Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады. – Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан. – Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед Әл-Фараби. – О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.