+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Алғыс – ыстық ықылас белгісі»

Мен сені іздеймін көшкен бұлттың арасынан,
Көрінбей сығалап тұр ма деп.
Мен сені іздеймін көздердің қарасынан,
Кірпікке ілініп тұр ма деп.

Бұл өлең жолдары Жантөреева Қалыйма Жантөреқызының жарық жұлдыздай жалт етіп сөнген аяулы қызы Ақерке Ақжігітқызын жоқтап жазған сағынышты жырларының бір үзігі. «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Жаппарқұлова Анар Абусайылқызының ұсынысымен кітапханадағы «Ақерке» балалар залында Ақерке қыздың рухына құран бағышталып, еске алуға арналған іс-шара өткізілді. Бұл шараны «Ақерке» балалар залының қызметкерлері Мадина Сытышева мен Ақмарал Есполовалар Алғыс айту күніне орайластырып, «Алғыс – ыстық ықылас белгісі» деп атады.
Еске алуға арналған кеште Ақерке қыздың анасы жарыққа шығарған «Үзілген бойтұмар» кітабындағы өлеңдерден мектеп оқушылары үзінділерді жатқа оқыды. Ақерке қыздың әкесі Ақжігіт аға мен Қалыйма Жантөреқызы аяулы қыздарының балалық шағы мен білімге ден қойған оқушы кезі, студенттік күндері турасында тебірене толғанды. Қазақ атын айдай әлемге шығаратындай терең білімнің, ерекше қабілеттің иесі болып келе жатқан қызғалдақ қыздың Евразия Ұлттық Университетіндегі, шетелдердегі жарқын күндері жайында сағынышпен еске алды.
Мектеп оқушыларына, балғын балаларға ата-аналырыңды сыйлаңдар, көңілдеріне кірбің түсірмеңдер, Ақерке әпкелерің сияқты жақсы оқыңдар, тіл үйреніңдер, өз елдеріңнің патриоты болыңдар деп жүрек жарасын жасыра алмай, ағынан жарылды, ағыл-тегіл көздің жасына да ерік берді.
Ақеркенің ата-анасы Ақжігіт аға мен Қалыйма ханымның демеушілігмен үш жарым жыл бұрын ашылған «Ақерке» балалар залына күніне 15-20 бала келіп кітап оқиды, ертегі тыңдап, сурет те салады. Сенбі жексенбі күндері бұл залдың оқырмандарының қарасы тіптен көбейе түседі. Кеш соңында іс-шараға қатысқан мектеп оқушыларына кітапхана директоры Анар Абусайылқызы алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырды. Барлық балаларға Ақерке қыздың ата-анасы алып келген, кітапхана қызметкерлері дайындаған ыстық бауырсақ пен, тәтті нандар таратылды.
Сексен жасап соңында із қалмаған,
Әлдекімнің сақтасын өлімінен,-деп
ақын әпкеміз Маржан Есжанова айтқандай, жиырма бір жыл ғана өмір сүргенімен, соңында өнегелі ізін қалдырған Ақерке Ақжігітқызының жарқын бейнесі балғын балалардың, кітапсүйер оқырманның есінде мәңгі сақталады. Аққанантты періште қыздың нұры жұмақ төрінде шалқысын.