ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ ТАРЛАНЫ
«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын бөлімнің ұйымдастыруымен белгілі ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы Ермұқан Бекмахановтың 105 жылдығына орай «Қазақ халқының көрнекті тарихшысы» тақырыбында ғылыми-көпшілік конференция өтті.
Ғылыми жиын айтыскер ақын, ф.ғ.к., кітапхана директоры Жаппарқұлова Анар Абусайылқызының алғы сөзімен бастау алды.
Конференцияда жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт модератор міндетін атқарды. Айтыскер ақын, «Салт-дәстүр және әдет ғұрып» орталығының қызметкері Нұрлан Есенқұлов ғалымға арнау айтты.
Негізгі баяндамашы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бахадыр Айтай тарихшының тағдырына тоқтала келе, «Нағыз ғалым өзі үшін емес, ғылым үшін күреседі» тақырыбында жан-жақты баяндама оқыды.
Ардагер тарихшы, үздік педагог, «Қазығұрт» ауданының Құрметті азаматы Манапбай Телемисов қазақ халқының көрнекті тарихшысы Е.Бекмахановтың тұлғалық қасиеті, халық ағарту саласына қосқан үлесі мәселелеріне баяндамасын арнады.
«Отырар» кітапханасының бөлім басшысы, тарих ғылымының магистрі Ақнұр Оралова ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы тарих ғылымының дамуы мен Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» атты монографиясына қазақстандық және кеңестік ғалымдардың көзқарасын талдады.
«Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы» тақырыбында баяндама жасаған С.Ерубаев атындағы мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Бейсенбекқызы Әсел жастарды ғылымға, зерттеушілік жұмыстарға тарту ісін жетілдіруге аса мән беруге шақырды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Тарих» факультетінің студенттері А.Қадірханова мен Г.Махсут ғалымның ұлт тарихы мен руханиятын дамыту жолындағы рөлі мәселесі аясында баяндамаларын жасады.
Е.Бекмахановтың өмір жолы мен ғылыми мұрасы жайында кітап көрмесі зиялы қауым мен тарихқа қызығушы оқырмандар назарына ұсынылды.
Шараға зиялы қауым, тарихшы ғалымдар, мәдениет қызметкерлері, БАҚ және тарихқа қызығушы жастар қатысты.