«Ұлы даланың ұлы тұлғасы Әл-Фараби»
«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы тұлғасы Әл-Фараби» атты тарихи-танымдық кеші өтті.
Кеш барысында көрнекті ғалымдар әлемнің «Екінші ұстазы» атанған, ғұлама, ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің рухани мұрасы туралы кеңінен әңгімеледі. Соның ішінде философтың «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактаты және «Үлкен музыка кітабы» атты еңбектері туралы көпшілікке танымдық ақпарат берді. Белгілі фарабитанушы ғалым, "Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби" музейінің негізін салушы Абдулла Жұмашевтың ұлы бабамыздың зерттелуі мен ойшылдың Дамаскідегі зиратына сапары туралы әңгімесін көпшілік қызығушылықпен тыңдады. Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның оқушылары «Әлем ойшылы Әл-Фараби» сахналық көрінісі мен әдеби композицияны көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, «Руханият-Әбу Насыр Әл-Фараби» музейінің /Отырар ауданы/ және «Отырар» кітапханасының көрмелері жасақталды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов алғы сөзбен ашқан іс-шараға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Дәстүр» республикалық журналының бас редакторы, Халықаралық әдебиет сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов, ОҚМПУ бірінші проректоры, т.ғ.к. Исабек Баршагүл, SILKway халықаралық университетінің профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Сайлаубек Жақсыбеков, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қызметкерлері, 6506 әскери бөлімінің сарбаздары, БАҚ өкілдері қатысты.