"Үндемес ата ұлағаты"
2019 жылдың 24 желтоқсан күні "Отырар" қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұстаз, қаламгер Ұлжан Дәуренбекованың "Үндемес ата ұлағаты" атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кітап Отырар және Түркістан өңірінде жомарттығымен, ақылдылығымен ел есінде сақталған Үндемес бай туралы тарихи деректер мен әңгімелер, олардың ұрпақтары туралы және ашаршылық жылдары қазақ ұлты басынан кешірген нәубет туралы жазылған.
«Өзбекстан Республикасының оқу ісінің үздігі», «Ең жоғары санаттағы ұстаз» атақтарының иегері, қаламгерлікті қатар ала жүрген, көптеген әңгіме, новеллалары «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Парасат» секілді Қазақстанның орталық басылымдарында жарық көрген, ұзақ жылдар ұстаздық еткен Ұлжан Әшірбекқызының шығармашылық әлемінен сыр шертер әдеби кешіне филология ғылымдарының кандидаты, академик Қалдыбек Сейданов, Өзбекстан Журналистер одағының мүшесі Орынкүл Битенова қатысып, жаңа кітаптың тұсаукесерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Өзбекстандағы қазақша, өзбекше газеттерде әңгіме , новеллалары өзбек, қарақалпақ, тәжік тіліне аударылып, жарық көрді . «Үндемес», «Аққуды атпас болар» атты кітаптары баспадан шығып, өз оқырмандарының ықыласына бөленді.
Жақында ғана баспадан шыққан «Үндемес ата ұлағаты» кітабының шығуына демеушілік жасаған – Жанысбеков Оразхан Кенжеұлы, кітаптың шығуына еңбек еткен азамат Ахмет Әбутәліп кітаптың шығу тарихы жайында баяндады. Қаламгер, мәдениет қызметкерінен зейнетке шыққан Назаров Нұрмахан кітаптың өлкетануға қосар өзіндік үлесі жайында әңгімеледі. Балғабеков Нұрлыбек кітаптың өзіндік тағылымдық мәніне тоқталды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сапаржан Тұрмахан қаламгерге шығармашылық өрлеу тілеп, әдебиетші Мырзабай Омар кітаптың көркемдік мазмұнына тоқталды. Кешті ф.ғ.к., доцент Зылиха Жантасова жүргізді. Кешті кітапхана директорының міндетін атқарушы Асылзат Оспанова қорытындылады. Ұлжан Дәуренбекқызы өлеңдері мен әңгімелерінің жазылу тарихына тоқталды.Сондай-ақ, кітапханашылар кеш иесінің кітабынан үзінді оқыды.