+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Кітап оқып, рухани бай бол!»

Шымкентте «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының «Рухани Жаңғыру» бөлімі мен «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы қорытындыланды.
Кітап оқушылар сайысы 15 қазанда бастау алып, екі кезең бойынша өткізілген болатын.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, кітапқа деген қызығушылық пен кітап оқу мәдениетін арттыру, оқырмандардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, қолдау көрсету және үздік көркем шығармаларды кеңінен насихаттауды мақсат еткен шараға қаладағы кітап сүйер қауым белсенділік танытты.

Байқаудың бірінші кезеңі бойынша үміткерлер өзінің сүйікті шығармасын мәнерлеп оқып, бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған болатын. Екінші кезеңде көп пікір жинаған қатысушылар Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" шығармасы мен Әбілда Тәжібаевтың лирикасын талқылады.

Байқау қорытындысы бойынша көш ілгері озып шыққан қатысушылар жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болды. І орынды Ұлықбек атындағы №3 мектептің оқушысы Айжан Сұлтанболатқызы жеңіп алса, ІІ орын Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының оқушысы Арсен Абдулланың еншісінде кетті. Жүлделі ІІІ орын да №47 мектеп – гимназиясының оқушысы Әділет Өменовке бұйырды.

Байқауға қатысушылардың ынтасын жоғары бағалаған ұйымдастырушылар «Үздік оқырман» номинациясын бірден 5 оқушыға табыстады. Олар: №98 жалпы орта мектептің оқушысы Ақниет Жайынбай, Ұлықбек атындағы №3 мектеп оқушысы Айзада Жалынбекқызы, №112 мектеп оқушысы Сардар Назирхан, №68 мектеп тәлімгері Абилаш Жанайса.

Ал «Шымкент шайырларының ойлы оқырманы» номинациясына Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-лицейінің оқушысы Аят Ғалымұлы лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен номинанттарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Және оқушыларды сайысқа дайындаған кітапханашылар да ұйымдастырушылар назарынан тыс қалмады.