«Өнерін өміріне өрнек еткен»
2019 жылғы 15 қараша күні «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өнер бойынша әдебиеттер және мерзімдік басылымдар бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Өнер өміршең, мәдениет мәңгі» атты өнер апталығы бастау алды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы негізіндегі бұл шараның мақсаты жастар мен жасөспірімдерге ұлттық құндылықтар мен мәдениетті насихаттау, өскелең ұрпақ санасына ұлттық код ұғымын сіңіру, ұлттық қолөнерімізді ұлықтау, қазақстандық брендті алға жылжыту.
Апталықтың алғашқы күнінде өнер бөлімінде Саз колледжінің 3-ші курс студенті, саксофон аспабында шебер ойнайтын, жас қолөнерші Кенжалы Бинураның «Өнерін өміріне өрнек еткен» атты шеберлік сабағы өтті. Бинура өзінің моншақтан сәукеле жасау өнерімен, құрақ құрау және тоқыма өнерімен бөлісті. Шеберлік сабағына қаламыздағы бірқатар білім ордаларының студенттері қатысты.
Сонымен қатар, құрақ көрпеше, жастық, киізден жасалынған бұйымдар, зергерлік бұйымдар, көпшілік назарына ұсынылып, қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.