"Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдық мерейтойына орай басылымның редакция мүшелерінің Шымкент қаласы оқырмандарымен кездесу кеші өтті
2019 жылғы 7 қараша күні "Отырар" қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында қазақ халқының рухани, мәдени тарихында үлкен орын орны бар мемлекеттік ресми баспасөз құралы "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдық мерейтойына орай басылымның редакция мүшелерінің Шымкент қаласы оқырмандарымен кездесу кеші өтті. Оқырмандармен жүздесу кешіне зиялы қауым, тіл жанашырлары мен басылымның ардагер журналистері қатысып, толымды естеліктерімен бөлісті. Танымал ақын Мархабат Байғұт, тарихшы,жалпыұлттық республикалық газеттің басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы,басылымда қажырлы еңбек етіп келе жатқан Қарашаш Әмзеқызы, Сүлеймен Байбабаұлы газеттің шығуы мен қалыптасу тарихы, газетті көтеруге қатысқан журналистер жайында әңгімеледі.
Ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының магистрі Ақнұр Амангелдіқызы үстіміздегі жылдың 14 наурызында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақ Ұлтық Аграрлық университеті ұйымдастыруымен «Ұшқыннан Егемен Қазақстанға дейін» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқанын айта келе, газеттің алғашқы санындағы мақалаларға талдау жасады. Өз сөзінде Дархан Қуандықұлы мырза "Отырар" қалалық кітапханасы қорына ғасырлық тарихы бар басылымның электронды нұсқасын сыйға тартуға уәде берді.
Шара соңына қарай Алаш жарияланымдары, рухани жаңғыру және қазіргі баспасөз мәселесі, ұлттық бірегейлік пен ұлттық рух мәселелері жайында оқырмандар тарапынан сауалдар қойылып, пікір алмасу орын алды.
Басылымның тарихынан сыр шертер кеңейтілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды.