2019 жылғы 15 қазан күні «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, ҚР мәдениет қайраткері, журналист, жазушы, «Отырар» қалалық-ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекованың шығармашылығына арналған «Аманатқа адалдық» тақырыбында кеш өтті.
Оқырмандар ортасында кітап қадірін арттыруды насихаттауды күнделікті жұмысының бір бөлшегіне айналдырған кітап жанашырының бастамасымен «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік», «Жасампаздыққа толы жиырма жыл», «Өз елім - Қазақстаным, «Оңтүстік Қазақстанның жаңа келбеті», «Ырыс алды ынтымақ», «Ата жұртты аңсау», «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «Оңтүстік Қазақстанның мәдени ескерткіштері», «Дәстүр бізден басталды», «Өркендеген көркемдеген Оңтүстік» кітаптары оқырманға жол тартқан.
Рухани рәсімге автордың қаламдастары - аға және жас буын жазушылар, дос-жарандары мен туыстары келді. Сондай-ақ, оқырмандар қауымы да көп жиналды.
Әдеби жиында оқырмандар қауымы Күлия Смайылханқызының тұщымды туындылары мен шығармаларын оқып, мазмұнын етене талдауды ұмытқан жоқ. Көпшіліктің осындай құрмет-ықыласына бөленген жазушы өз қаламынан туындаған шығармалардың ерекшелігін екшеп, ізгі тілектері мен алғысын білдірді.