«Төрекелді» әніне түсірген бейнебаянның тұсаукесер рәсімі өтті
«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Орта Азияда тұңғыш тәуелсіз журнал ашқан азамат, «Жібек жолы» журналының бас редакторы, «Жібек жолы» баспасының бас директоры, әдебиет, тарих, ғылым бағытында 500-ден астам кітап шығарған белгілі баспагер, жалынды журналист, азаматтық абыройы асқақ Төрекелді Байтасов Серікбайұлына арналған «Төрекелді» әніне түсірген бейнебаянның тұсаукесер рәсімі өтті.
Кешті Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері жазушы Мархабат Байғұт жүргізді. Кешке қатысқан әннің авторы ақын, сазгер Жарылқасын Дәулет пен бейнебаян түсірілім тобындағы Дархан, Жұмахан атты жігіттер көптің ықыласына бөленді. Қаламгерлер Төрекелді Байтас жайында естеліктер айтты. Ақын Нармахан Бегалы Төрекелді Байтастың батылдығын ерекше айта келіп, Жібек жолы ұғымын қайта жаңғыртқанын, әңгімелеріндегі қазақы мінезді әңгімеледі. Ақын Қабылбек Төретай арнауын оқыды. Жазушы-журналист Иса Омар Төрекелді Байтастың еңбекқорлығын үлгі етіп, ауруханаға кетіп бара жатып «Ұйқы ашқан ойларын» өзіне аманат етіп табыстағанын айтты. Журналист Атанбек Наурыз Төрекелді Байтастың перзенті Төребек Байтастың әке ісін жалғастырып жүрген азаматтығына ризашылығын білдірді. Төрекелді Байтас әңгімелеріндегі авторлық ой, азаматтық қуат жөнінде жазушы Зылиха Жантасова баяндады. Журналист Алма Смағұлова «Жібек жолы» журналында бірге қызмет еткен жылдарын сағынышпен еске алды. Кешке арнайы келген Төрекелді Байтастың анасы Күләйша апа қаламгерлерге алғысын білдіріп, көпшілікке ақ батасын берді. Кітапханашылар қаламгердің жырынан, ойлы ойларынан үзінді оқыды. Кешке Төрекелді Байтасовтың асыл жары Үрліхан, немерелері мен туыстары қатысты. Ұлтжанды азамат, рухы биік қаламгер Төрекелді тағылымы кешке жиналған көпшіліктің жүрегіне әдемі сәуле шашқандай. Сағыныш сазы тербелді.