«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай «Қарашаңырақ қазынасы» атты рухани кеш ұйымдастырылып, журналистика саласын дамытуға еңбек сіңірген Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналған мүйіс пен баспасөз залы ашылды.
Рухани кешті журналист Иса Омар мен Нұрлан Кенжеғұлов жүргізді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан Бекназарұлы журналист ағаларының қаламгерлік қарымы жайында, шығармашылық ізденістері жайлы баяндама жасады. Қазақстанның құрметті журналисті Байдулла Қонысбек Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаев жайында естелік айтса, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов ағалар ықыласын еске алып, бүгінгі кештің өміршеңдігі туралы ой өрбітті. Журналистер естелік айтса, ұрпақтары шығармаларын оқыды.