«Отырар» кітапханасына тарту етті
«Мәңгілікке өзіммен ала кетер, менің нәзік жанымды кім түсінер?»-деп жырлаған ақын Мұқағалидың поэзиясын жатқа айтатындар да, түсінуге ұмтылатындар да, поэзиясына қайта үңілетін сыншыларда, ұлы музасын тебіреніп шырқайтын әншілер де аз емес.
Қарақалпақ жерінде туылып, Нүкіс университетінде ұстаздық еткен филология ғылымдарының кандидаты Күрленбай Хамидуллаев кеңестiк кезеңде-ақ ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арнап көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын баспадан шығарды, монография жазды.
Шымкент қаласына көшіп келіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс берген Күрленбай Хамидуллаев біраз жыл бұрын дүниеден озды. Ақынның сөз маржанын зерделеген «Мұқағали мұрасы-сөз маржаны», «Муқағали Мақатаев творчествосындағы Қарақалпақ темасы», «Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі» ғылыми еңбектерін және «Қарақалпақ фольклоры» көп томдығын оқырмандар игілігіне жарасын деген оймен ғалымның жары «Отырар» кітапханасына тарту етті. Рухани дүниеңіз арта бергей, қадірлі оқырман!