Рухани жаңғыру: кітап және қаламгер
2019 жылдың 30 сәуір күні "Отырар" қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген оңтүстік қаламгерлері кітаптарының таныстырылымы өтті. Ақын, журналист, аудармашы, К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз» кітабы, жазушы, аудармашы, ғалым, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрғали Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі» кітабы, ақын, әдебиет зерттеушісі, сыншы халықаралық "Нәзір қоры" сыйлығының лауреаты Сәрсен Бек Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал» кітаптары таныстырылды.
Оңтүстік өңірінің жазушылары және он томдық кітаптың шығу тарихын жазушы, журналист, драматург, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт әңгімеледі.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетінің студенттері Х.Сайлау, Г.Сұлтанмұратова, Б.Уәлихан, Е.Пердебай, Б.Мақашов сынды студенттер қаламгерлердің кітаптарынан үзінділерді жатқа оқыды.
Кәсіпкер Тұйғынбек Әлжігіт руханият, әдебиет әлемінің тәрбиелік мәні жөнінде өз пікірін білдіріп, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Жантасова ақындар әлемі жөнінде ой қозғап, ақын Сәрсен Бек Сахабаттың соңғы жазған өлеңдерін оқыды. Кітаптардың таныстырылым кешін кітапхананың директор орынбасары Асылзат Оспанқызы жүргізді.