«Даналық тәпсірлері», «Жылдар жылжып барады», «Аққұмда оянған Арман» кітаптарының тұсаукесері
2019 жылдың 26 сәуір күні «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты ақын Темірғали Көпбаевтың кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Ақынның жақында баспадан жарық көрген «Даналық тәпсірлері», «Жылдар жылжып барады», «Аққұмда оянған Арман» кітаптарының тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары М.Отарбаев арнайы қатысып, ақынның жеті жылдан кейін жарық көрген үшем кітабы қазақ әдебиетіне қосылған үлес деп құттықтап, ақынға шығармашылық табыс тіледі. Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов ақынның жарық көрген жаңа кітаптарын оқып шыққандығын, ақынның елдің тарихи жадысы жайында шынайы жырлағанын атап өтті. Ақын Нармахан Бегалыұлы Темірғали өлеңдеріндегі көркемдікке арнайы тоқталса, ғалым Бегман Ысқақ ақын жырларындағы рух жайында толғанды. Жазушы Иса Омар кітап келешекте өз бағасын алатынына сенім білдірді. Кітапханашылар ақынның «Даналық тәпсірлері» кітабынан үзінді оқыды. Тағылымды кешті кітапхананың директоры Күлия Смайылханқызы жүргізді.