«Отырар – өркениеттің алтын бесігі»
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласының аясында «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкерлері Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақхана оқушыларымен бірге 2019 жылдың 13 желтоқсан күні «Отырар – өркениеттің алтын бесігі» атты «Қылует» — этномузейіне саяхат жасады.
Шара барысында оқушылар «Қылует» — этномузейінің авторы, этно-дизайншы, сазсырнайшы, қобызшы және фарабист Қазақстан Дизайнерлер және Суретшілер одағының мүшесі, этнограф – Кендебай Қарабдаловпен кездесіп, үлкен әсер алғандарын жеткізді.
Ғалымдардың айтуынша, «қылует» сөзі арабша «халуатам», яғни, жекешелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағынаны береді. Қылует бірнеше бөлмеден тұрады. Қылуеттің ішіндегі алғашқы бөлме – «Қыш кітаптар бөлмесі», екіншісі – «Махаббат бөлмесі, одан кейінгі бөлме – мешіт, келген адамдар бұл жерде отырып құран оқиды. Ең соңғы бөлме «Аспан мен жердің арасы» деп аталады. Бұл бөлмеде төбедегі арнайы тесіктен жарық түсіп, температура күні-түні 25 градус болып тұрады. Этномузей ежелгі ортағасырлық әдіспен салынған. Мұнда саз илейтiн арнайы орын, одан балшық күйiндегi қалыпта әзiрленген құмыралар, сырнай және отқа күйдiретiн жерошағымен шеберхана бар. Келуші туристерге жайлы орындықтары бар және қабырғаларда музей иесінің балалық шақта және есейіп суретші болғанда салған суреттері, өз қолымен жасаған құмыралары, музыкалық аспаптары ілінген және мұра ретінде сақталып отырған қол диірмен, келі-келсап тағы басқа жәдігерлерді көруге болады.