Қасымбек Нұрбекұлын еске алу кеші
2018 жылғы 8 қараша күні «Отырар» қалалық кітапханасында суретші, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Қасымбек Нұрбекұлын еске алу кеші өтті. Кітапхананың «Өнер бойынша әдебиеттер» бөлімінің төрінен ғұмырының отыз жылдан астам уақытын «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының қабырғасында өткізген ардагер фототілшіге арналған бұрыш ашылды. Кешке суретшінің жұбайы Шәрипа Ратбекқызы, ұл-қыздары, замандастары, журналисттер, кітапханашылар, жастар қатысты.
Шарада Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек модератор міндетін атқарды. Танымал ардагер журналист Байдулла Қонысбек, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов, «Аталар сөзі» газетінің бас редакторы Ерназар Пернеев, суретшінің ұлы Нұрлан Қасымбекұлы қылқалам шеберінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайында естеліктер айтып, өңіріміздің өркениет өлкесінде өзіндік сара жол қалдырған Қасымбек Нұрбекұлының туындылары ұрпаққа өнеге ретінде насихатталуы игілікті шара деп пікірлерін білдірді.