+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

ӘСЕЛ ДАЛИЕВАМЕН КЕЗДЕСУ КЕШІ!

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясындағы "100 есім – 100 ғұмырнама" жобасы жалғасуда.
Осы орайда, 2018 жылдың 3 қазан күні "Отырар" қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында тоғызқұмалақтан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанған жалғыз, әрі ұлттық спорт түрлері арасында осы атақты иеленген тұңғыш спортшы, тоғызқұмалақтан әлемнің 8 дүркін чемпионы Әсел Дәлиевамен кездесу кеші өтті.
Кездесу кешке қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Әбдіжаппар, "Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жобалық кеңсенің" жетекшісі Қайрат Анарбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қабылбек Төретай, жазушы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов және студент жастар, мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында қатысушылар Әсел Далиеваны меншікті мерекесімен құттықтап, алдағы күндеріне жақсылық пен жеңіс тілеп, көк байрағымызды желбіретіп жүрген қызымызды мақтан ететіндіктерін айтты. Сонымен қатар, шабыттары оянған Шымкент аграрлық колледжінің студенттері шара барысында арнау өлеңдерін шығарып, чемпионға оқып берді. Және де қатысушыларға "100 есім – 100 ғұмырнама" стенді таныстырылды.
Ары қарай чемпион жеткен жетістіктері мен оның оңай келмегендіктері жайлы көпшілікпен бөлісті. Сондай-ақ, оқуды жақсы оқығандығын айтып, жастарға сабақтарын жақсы оқуға кеңес берді. Іс-шара соңында чемпионнан қолтаңба алған жастар естелік суретке түсіп, қимастықпен қоштасты.