«ШӘКӘРІМ - СУРЕТКЕР ЖАЗУШЫ, АТАҚТЫ АҚЫН»
Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына160 жыл
2018 жылғы 21 маусым күні «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай «Шәкәрім - суреткер жазушы, атақты ақын» атты шара өтті.
Қазақтың рухани мәдениетіне зор үлес қосқан ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен өшпес мұрасы насихатталды. Шара директор орынбасары Г.Алпысбаеваның алғы сөзінен бастау алды.
Кеш қонағы Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлшахар Өтебайқызы Абай ғибратын ұстанған Шәкәрімнің руханияты келер ұрпақтың болашағы жолындағы тілді, дінді, ділді сақтау жолындағы аянбай еңбек еткен сара жолы жастарға өнеге екендігін түсіндіре келе, Абай саясында саналы, талантты ақын болып қалыптасқанын айтып өтті.
Биыл республикалық акцияның қазылар алқасының шешімімен жалпыхалықтық оқуға таңдалған кітаптардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» философиялық трактаты жайында сөз қозғаған тарих ғылымдарының магистрі Ақнұр Амангелдіқызы Шәкәрімнің философиялық әлеміндегі «ақыл көзі», «көкірек көзі» сынды ұғымдарға талдау жасады.
Шараны Көрмелік-бұқаралық сектор меңгерушісі Айгерім Аманқұлқызы жүргізді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өз ойларын өлеңмен өрнектеген ақын. Кеште оқушы жастар ғұламаның шығармашылығынан үзінділер оқып, терме орындап, салмақты әндер шырқады.