«Мен – сөйлейтін рухани махаббатпын»
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Білім беру ісінің үздігі», «ОҚО еңбек сіңіргені үшін» медальдарының, халықаралық «Лучшие люди Казахстана» орденінің иегері, ақын Баян Тіленшинаның «Мен – сөйлейтін рухани махаббатпын» атты әдеби-шығармашылық кездесу кеші өтті. Кітапханада ақынның жеке мүйісі ашылды. Тарихшы, жазушы-драматург Еркінбек Тұрысов пен қаламгер Мархабат Байғұт, ақын Сабырбек Нұрман кеш авторының ақындық әлеміне арнайы тоқталды.
Кеш барысында Баян Тіленшинаның немерелері ақын әжесінің жырын жатқа айтса, Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері "Қанат қақты", "Ғашық-нама", "Шабыт шашуы", "Жыр додасы", "Жұлдыз жүрек" атты жыр-жинақтарынан жыр оқыды. Сонымен қатар, ақын Б.Тіленшинаның жазған әндері – «Менің Сайрамым», «Әкешім», «Оңтүстігім-өнегем», «Астана», «Кітапхана» орындалды. Кеш қонақтары жазушы, ақын Б. Тіленшинаның ұстаздық болмысына, аналық парасатына, қаламгерлік келбеті мен азаматтық ұстанымына деген сүйіспеншіліктерін бірі жырға қосып айтса, бірі естеліктер арқылы жеткізді. Оқырманға ой саларлықтай өнегелігімен ерекше кеш өтті.