+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Ұлттың жадын жаңғыртушы»

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында суретші-дизайнер, қазақ этнодизайнының негізін салушы, профессор Аманжол Найманбайдың туылғанына 70 жыл толуына орай «Ұлттың жадын жаңғыртушы» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға сәулетші, этнодизайнер А.Найманбайдың бауырлары Тұрсынбай Найманбай, Есенжол Әбілқасимов, Ақжол Найманбай, замандастары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші-кескіндемеші Айнабек Оспанов, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбетов, А.Найманбайдың шәкірті ҚР суретшілер одағының мүшесі, суретші-кескіндемеші Әлімжан Абылаев және Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Гүлмира Лазар, Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің студент жастары, №59, №90 жалпы орта мектебінің оқушылары және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шара барысында сәулетші, этнодизайнер А.Найманбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған фильм көрсетілді. Көзін көрген үзеңгілес достары мен шәкірттері дарынды этнодизайншының тал бойындағы талғам-танымы мен дарын тегеуріні жайлы әңгімелеп, дүниеге келтірген алаңдар, Қорқыт Атаның мұражайы, Мың кісі діни-рухани кешені, "Отырар кітапханасы" мұражайы, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы және Аманжолдың өзінің басшылық жасауымен Парижде, Санкт-Петербургте, Москвада, Душанбеде, Алматыда өткен дизайншылардың кешенді көрмелері мен қазақ өнерінің Америка, Туркия, Пәкістан, Ресей сияқты алыс-жақын шет елдерде өткен көрмелері ел мен жердің рухын аспандатсам деген құлшыныспен ұланғайыр еңбектің арқасында екенін жастармен бөлісті.
№90 жалпы орта мектебінің оқушылары А.Тайжанова, Қ.Абдуманнап кеш иесіне арнап жазылған өлең шумақтарын оқыды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Р.Ахинбеков қазақ халқының дәстүрлі әндерін орындады. Кеш соңында айтыскер ақын Б.Оразымбетов кеш иесінің 70 жылдығына арнап кітапхана қорына өзінің 70 кітабын сыйға тартты.