ОТЫРАР АУДАНЫ – "ОТЫРАР" КІТАПХАНАСЫНДА!
Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Аудандар көші – кітапханада» байқауы аясында Отырар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әдеби-мәдени күндерін атап өту барысында көпшілікке ауданның тарихын, мәдениетін, өнерін таныстыру арқылы өскелең ұрпақты өнерге, тәрбиеге, елі мен жерін сүюге баулу мақсатында облыстық "Отырар" ғылыми-әмбебап кітапханасында әдеби-сазды кеш өткізді.
Кітапхананың алдында ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірінен сыр шертетін көрініс қойылып, Хадиша Шалабаеваның орындауында «Отырардағы той» әні шырқалып, мерекелік кеш басталды, ары қарай айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов жырдан шашу шашып, кітап көрмесінің тұсауы кесілді.
Отырарлықтарды арнайы бастап келген аудан әкімі Ерлан Айтаханов кітапхана басшылығы мен зиялы қауым өкілдерін мерекемен шын жүректен құттықтап, "Отырар" кітапханасына суретші Әділхан Мәліктің «Отырар шаһары» туындысы мен кітаптар сыйға тартты.
Мерекелік шара кітапхананың мәжіліс залында жалғасты. Кеште «Шәміл мен Дүрдің кездесуі» сахналық қойылымы көрермендер көңілінен шығып, әндер шырқалып, жастар биіне ұласты.