+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«ЖАҚСЫ КІТАП – ЖАН АЗЫҒЫ»

«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Жақсы кітап – жан азығы» тақырыбында «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы, жазушы Зылиха Тұрарқызымен шығармашылық кездесу кеші өтті.
Шығармашылық кеш институт директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Ақтаев Мұхтар Бексұлтанұлының алғысөзімен бастау алды.
Жазушы Зылиха Жантасова шығармаларының жазылу себептері мен әдеби кітаптарды таразылау, көркем шығармаларды талдау мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, «Отырар» облыстық кітапханасы жанындағы «Талғам» сараптамалық орталығының жұмысы жөнінде айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің шығармаларына әдеби талдау жасап, рухани мұралар жайында ой бөлісті.
Институт қызметкерлері «Жанымның жаз ғұмыры» атты прозалық кітабындағы кейіпкерлер әлемі, жазушы толғанысы жайында сауалдар қойды. Кешті ұйымдастырушы – «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Абашева Перизат Алпысбайқызы жазушыға алғысын білдірсе, шығармашылық кешті жүргізген аға оқытушы Кансеитова Жұмагүл Жұмабекқызы ойлы оқырмандарға, шығармашылық иесіне рухани дүниеміз кемелдене бергей деп тілек білдірді.