+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Рухани мұра жанашыры»

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының Ғылыми-зерттеу бөлімі өлкетанушы, этнолог, әдебиеттанушы Абдулла Жұмашовтың 70 жылдығына орай «Рухани мұра жанашыры» атты кездесу кешін өткізді.
Саналы ғұмырын халыққа адал қызмет етуге арнаған зерттеуші, бүгінде 70 жасқа толған Жұмашов Абдулла ұзақ жылдар бойы музейдің ғылыми-жинастыру, ғылыми-экспедициялық, ғылыми-зерттеу, ғылыми-ағарту, ғылыми-қор жұмыстарын іждағаттылықпен жүргізе отырып, заттық және рухани мәдениет туралы аса құнды, баға жетпес мыңдаған жәдігерлер жинастырды.
Кешті кітапхана директоры К.Айдарбекова ашып, Абдулла Жұмашовтың әдебиет және руханият саласындағы атқарған еңбектеріне арнайы тоқталып, қазақ қазынасына қосқан өлшеусіз еңбегіне ризашылығын білдірді.
Ф.ғ.к., профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов А.Жұмашовтың әдеби мұраларының қазақ әдебиеті тарихындағы орны мен ғалымның зерттеу еңбектеріне тоқталды. Ғалым С.Аубакиров, С.Өмірзақов, З.Жандарбек А.Жұмашовтың шығармашылығы, рухани жәдігер жанашыры, халық мұрасын жинақтаудағы еңбекқорлығына айрықша тоқталды. Ақын Н.Бегалы мерейтой иесінің ыждағаттылығына тоқталса, айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова ғалымға арнау өлеңін оқыды.
Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жаппарқұлов Пердехан өлкетанудағы орасан еңбектері ел игілігінде екенін айтса, ақын М.Есжанова атасы Есжан мұрасын зерттегендігіне алғысын білдірді. Жазушы Еркінбек Тұрысов бата беріп, ұзақ ғұмыр тіледі.