2017 жылдың 23 қараша күні «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында тұңғыш қазақ дипломаты, көрнекті қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығына арналған «Сан қырлы тұлға» атты оқырмандар конференциясы өтті.
Бірінші болып сөз кезегін алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Тұрсын Алаш үкіметінің құрылуы мен Алаш қайраткерлерінің саяси қызметіне тоқталып, нәзіртану бағытының дамуы мен қазіргі жағдайына алаштану ұғымымен ұштасып, жанданып келе жатқанын айтып өтті.
Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі директорының орынбасары Г.Серікбаева Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қоғамдық қызметі туралы жарық көрген кітаптарды оқырмандарға таныстыра келе, «Отырар» облыстық кітапханасына кітаптарды сыйға тартты.
PhD докторант, жас нәзіртанушы ғалым Г.Батырбекқызы Н.Төреқұлов туралы зерттеулер мен деректемелерге қысқаша шолу жасады.
Н.Төреқұлов №62 мектептің мұғалімі А.Битаева мектептегі оқушылардың Нәзірдің қоғамдық-саяси қызметін танып-білудегі ізденісі ерекше екендігін айта кетті. Оқушылар ірі дипломат Н.Төреқұлов жайындағы арнауларын оқырмандар назарына ұсынды.
Ұлт мақтанышы Н.Төреқұловқа арналған бұл жиын мәдениет қайраткері, кітапхана директоры К.Айдарбекованың қорытынды сөзімен аяқталды. Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын тануда өскелең ұрпақтың үлесі зор екендігін айтып өтті.
Ұлттың біртуар перзенті Нәзір Төреқұловтың есімі халқына қашан да қымбат болып қала береді.