ҰЛЫ ЖАЗУШЫНЫҢ ҰРПАҒЫ МҰРАТ ӘУЕЗОВ - "ОТЫРАР" КІТАПХАНАСЫНДА!
2017 жылдың 16 қараша күні «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Тарлан», «Алтын жүрек», «Алтын асық», «Алтын адам» премияларының лауреаты Мұрат Әуезовпен «Әуезов әлеміне саяхат» атты шығармашылық кеші өтті.
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қос бірдей орталықтың ашылу салтанаты өтті. Бірі «Отырар» музейі, екіншісі «Латын әліпбиі» орталығы. Мұрат Әуезов кітапхана бөлімдерін аралап, кітапхананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Өз сөзінде мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов «Отырар» кітапханасына сүйсінгендігін, кітапхананың жаңашыл бастамалары бар екендігін айта кетті. Осындай рухани кездесуді ұйымдастыруға себепші болған Күлия Смайылханқызына алғысын айта келе, «Отырар» кітапханасының өркендеп дамуына тілектестігін білдірді.
Ұлы жазушының ұрпағы Мұрат Әуезовпен кездесу кешінде кітапхана директоры Күлия Смайылханқызы Айдарбекова модератор міндетін атқарды. Жазушы-драматург Еркінбек Тұрысов, этнограф-тарихшы Сембин Марат Қатайұлы сөз алып, Мұхтар Әуезовтың шығармалары мен ол туралы естеліктерімен бөлісті. Шығармашылық кездесу ақын Қабылбек Төретайдың сөзімен қорытындыланды.
Жиылған оқырман қауым тарапынан бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне болып отырған, атап айтқанда, латын әліпбиі, мұхтартану, тәңіршілдік, көшпелілер және басқа да мәселелер төңірегінде Мұрат Әуезовке сауалдар қойылып, пікір алмасу орын алды. Кездесу соңында ғалым Мұрат Әуезовке "Отырар" кітапханасы атынан қазақтың ұлттық шапаны сыйға тартылды.
Жиынға әдебиет сүйер оқырман қауым, зиялылар, жазушылар, тарихшылар,БАҚ өкілдері сонымен қатар жастар мен студент-оқушылар қатысты.