+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

Апталық саяхат

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Ақерке» балалар залында жас оқырмандарға апталық саяхат ұйымдастырылды.
Жас оқырмандар оқу жылының І тоқсандық демалыс күндерін «Отырар» кітапханасының «Ақерке» балалар залында тиімді 
өткізуде. 
Аптаның алғашқы күні 30 қазанда жас оқырман балалар жазушы Еркінбек Тұрысовпен кездесті. Ел ағасы Е.Тұрысов жиналған бүлдіршін оқырмандарға бабалар өсиетін айтып берді. Ата-бабасынан мұра болып қалған дулығасын көрсетіп, балаларды батырлыққа, қайсарлыққа, отансүйгіштікке шақырды. Әсерлі кездесу соңында жазушы, драматург Е.Тұрысов жиылған өскелең ұрпаққа ақ батасын беріп, өзекжарды лебізін жаудырды. 
31 қазанда балалар Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына табан тіреді. Театр әр балаға қуаныш ұмытылмас әсер сыйлайды, оның көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын дамытады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамыту ісіне байланысты мақсаттарды шешуде театр ерекше орын алады. Балалар театр мәдениетімен танысып, театр әлеміне деген қызығушылықтары артты.
Сондай-ақ, қараша айының 1-жұлдызында «Ақерке» балалар залының оқырмандары облыстық тарихи өлкетану мұражайына, «Ерлік» мұражайы филиалына саяхат жасады. Өткен ғасырдан сақталған мол жәдігерлерімізді оқушыларға көрсетуге мүмкіндік берді. 
Мұражайдың таусылмас қазына екенін ұғындырып, өткен өмір тарихын, көне мұралардың қадір-қасиетін түсіндіруге ұмтылдық.
Балалар 2 қараша күні кітапхананың акт залында «Оңтүстік фильм» киностудиясының қолдауымен «Күш атасы - Қажымұқан» анимациялық фильмін тамашалады. 
3 қарашада «Ақерке» залына оқырман балалар ата-әжелерін ала келді. Ата-әжелер балаларға ертегі айтып беріп, баталарын арнады. Сонымен қатар, балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында қатысушылар дойбы ойнап, жиынды қызықтыра түсті.