+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН ҚАУЫМ!

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы Сирек кітаптар бөлімінде Абай Құнанбайұлының аудармалары мен қара сөздерінің 1940 жылы латын әріпімен Алматыда «Қазақстан көркем әдебиет баспасында» жарық көрген кітаптың екінші томы сақтаулы. Кітапты «Отырар» кітапханасына тапсырған Шымкент қаласының тұрғыны Бақытжан Созақбайұлы Тоқпанбетовке алғысымызды білдіреміз.
Академиялық басылымға 1086 тың өлең жолы қосылған, ғылыми ақпаратпен жабдықталған, 88 өлеңге түсінік және ақын шығармаларында кездесетін шетел сөздері мен тарихи кісі аттарына түсінік берілген.
Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ақынның өлеңдері, аудармалары, өлеңдерінің мәтініне ноталар берілген. Кітапта оларды нотаға түсірген композиторлар Латиф Хамиди және Б.Г.Ерзакович деп көрсетілген. «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Ата-анаға көз-қуаныш», «Қош бол жаным», т.б. 16 ән берілген.
Кітаптың екінші бөлімінде қара сөздері енгізілген. Көкбай, Тұраш, Мадияр, Қатпа, тағы басқалардың естеліктері енгізілген кітапта Абай өміріне қатысты түрлі фотосуреттер – Семейде тұрған үйі мен оқыған медіресесінің, досы Е.Михаэлистің суреті, Абайдың Шыңғыстаудағы бейітінің суреттері бар. Басылым «Абайдың ата-тегі туралы» атты көлемді бөліммен аяқталады.
Қалың оқырман, ғалымдар, ізденушілер, студенттер мен мектеп оқушылары, жалпы Абай мұрасына қызығушылық танытатын көзіқарақты оқырмандарды кітапханамыздың сирек кітаптар бөліміне шақырамыз.