«Ленин туралы»
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры латын алфавитінде жазылып, 1938 жылы Алматыдан жарық көрген И.В.Сталиннің «Ленин туралы» кітапшасымен толықты. Бұл кітаптың тарихы тым терең, сақталу жағдаяты да ерекше.
Аталмыш кітап жөнінде жазушы, драматург Еркінбек Тұрысұлының айтуынша, жазушының ағасы Сауқымбек Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыста қаза тапқан Сауқымбек ағасының заттары анасы Қантайға табысталады. Сол заттардың арасында латын әліпбиімен жазылған И.В.Сталиннің «Ленин туралы» кітапшасы да бар еді. Анасы соғыста қаза тапқан ұлының жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтап, дүниеден өтерде ұлы Еркінбекке табыстайды. Еркінбек Тұрысов анасының көз жасы тамған, ұлы Сауқымбекті сағынғанда шерлі жүрегі қарс айырылып, көкірегіне басқан кітапты қасиеттеп келе жатқаны жайында терең тебіренеді.