+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«Рухани жаңғыру – кемел келешек кепілі»

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру – кемел келешек кепілі» тақырыбында облыс кітапханашыларының семинар-кеңесі өтті.

Семинар-кеңеске облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева, Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева, «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ОҚО бойынша жобалық кеңесінің кіші бағдарламалар менеджері Сейілхан Кендірбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Сәрсенбай Карибаев, Нұр Отан партиясының Шымкент қалалық Қаратау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әшірбек Тұрдалин, жазушы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Сарманбай Исақ, облыс кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері, оқырмандар қатысты.

Семинар-кеңесті «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Айдарбекова Күлия Смайылханқызы жүргізіп отырды.

Жиында ең алғаш болып сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Сәрсенбай Карибаев Елбасының мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, бірнеше үлгілері жасалғанын, сондай-ақ бұл бастама жалпы еліміз үшін үдемелі ілгерілеушіліктің қадамы екенін жеткізді.

Сонымен қатар, семинар кеңесте қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне қатысты пікірлер айтылды. Елбасы бағдарламалық мақаласының аудандарда жүзеге асуы бойынша әдістемелік ұсыныстар мен талдаулар жасалынды.

Сондай-ақ, семинар-кеңесте облыста тұңғыш рет латын әрпімен басылған кітаптардың көрмесі қойылды. Оған ОҚО бас архивінде сақталған латын әрпімен жазылған құнды құжаттар, оңтүстіктің тұрғындарының қолында сақталған қолжазбалар, қан майданнан келген хаттар, 40-шы жылдары шыққан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тігінділері қойылды. Қолжазбалар тарихы туралы құнды дүниені алып келген азаматтардың өзі әңгімелеп берді. Кітапхана директоры К.Айдарбекова өзінің жеке кітапханасынан құнды кітапты кітапхананың сирек кітаптар бөліміне сыйға тартты.

Еліміздің қайта түлеуіне бағытталған көлемді мақалада айтылған бастамаларды алдағы уақытта жұмыла жүзеге асыруға бел байлаған кітапханашылар, семинардан жігерленген күйде тарқасты.