+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

«АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ»

2017 жылдың 11 қазан күні Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Азаттықты аңсаған – арыстарым ардақты» атты облыстық шығармашылық байқауы өтті. Байқау Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Дос демеу» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен бүгін осы киелі шаңырақ «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. 
Алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесі үшін жасаған еңбектері мен қазақ халқының ұлттық санасын жаңғыртудағы шығармаларын насихаттау біздің міндетіміз. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі бұл байқаудың біздер үшін де, сіздер үшін де жалпы қазақ елі үшін маңызы зор болып табылады.
Демократиялық институттарды дамыту орталығының директоры Ж. Сейтінбет, филология ғылымдарының кандидаты, доцент З. Жантасова, «Отырар» облыстық ғылыми кітапханасының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ж.Қожанова, «Жеті отау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ибрахим Әлсерке, Республикалық жас тарихшы ғалымдар кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының магистрі А.Оралова байқауға әділ қазылық жасап, бағасын берді. Алаш арыстарын ұлықтауға арналған бұл іс-шараны «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Елбасы» залының қызметкері А. Арстанова жүргізді.
Байқау негізгі үш кезеңнен тұрды: 1) «Мен кітапхана оқырманымын» - қатысушының өзін-өзі таныстыруы; 2) «Алашшыл жазушылар өмірі» - Алаш зиялыларының өмірі мен қызметін баяндау; 3) Алаш зиялыларының шығармаларынан үзінді оқу.
Байқауға талантты студенттер мен оқушылар қатысып, өз білімдерін сынады. Байқау қорытындысы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенттері Метербай Бағашар бас жүлдегер атанып, екінші орынды Исабек Әзімхан иеленсе, үшінші орынды Пернебек Айгерім қанжығасына байлады. 
Байқау соңында жеңімпаздар мен қатысушылар алғыс хатпен марапатталып, жүлделері берілді. 
Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай өткен бұл байқауды ұйымдастыруына белсенді атсалысқаны үшін «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы арнайы алғыс хатпен марапатталды.