Мерейгер кітаптар - 2020
МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР – 2020
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНЕ» – 130 ЖЫЛ
Отыз екінші, отыз үшінші сөздеріне философиялық талдау.
Отыз екінші сөзі отыз бірінші сөздің жалғасы іспеттес. Ақын шын мерейленіп, ықылас-жігермен ізденген адам ғана ғылымға жетеді, оның түпкі рахатына кезігеді дейді. Бастапқы тұста білім-ғылым ісіне қадам басу үшін талаптың керегін, оның біраз шарттары барын еске салады. Білім-ғылымға құштарлық арман-аңсарлармен шектелмейді. Оның үстіне біліп-көріп, көңілге тоқығанның мəнi зор. Мақсат айқын, бағыт белгілі болу керектігі көрсетіледі. Əр ілімі үлгі етіледі. Ғылымды, ақылды сақтайтұғын — мінез жөнінде мынандай байыпты байламдар жасалады: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!».
Отыз үшінші сөзінде қазақтың қолы өнерлі адамын Абай əулие санайды. Мал — бір жұттық, ал өнер — мəңгілік. Бірақ Құдайдың берген аз-мұз өнерлі жандарының өзінде де қазақтық кеселдері болады. Оларды Абай санап береді:
1. Талапсыздық. Қолынан келгенге мəз, ал Құдайдың берген қасиетін əрмен қарай жетілдіру, ұштауға қыры жоқ. Осы білгеніміз де жетер деп, соған мақтанып, алыстан өнер іздеп, менен де артық бар-ау, солардан үйренсем деген ой жоқ.
2. Еріншектік. Қолына бірер қара біте қалса, тоқмейілсіп, байлыққа бөккен кісімсіп, бойкүйездікке салыну. Мұндай адам бойындағы қасиетті жойып, жадағай болып қалады.
3. Тамыршылдық. Сəл нəрсеге алданып, «жоғары шыққа» мəз болып, тамырым, досым десе ішкен асын жерге қойып, соның ісімен жүріп, өзінің алданғанын білмей, далбасамен өмір өткізу. Сөйтіп жүріп біреуге борышты болып, басы дауға қалып жүргені. Сірə, мұндайлар тамыршылдау адамгершілігін əрі іскерлік деп түсінетін болуы керек. Абай өнерлі жандарға сүйсіне отырып, олардың іс-əрекетіндегі жоғарыда айтылған қазақтың кеселдерінен жойылатын жолдарын көрсеткен.
Белгілі ғалым, профессор Р.С.Каренов
#Абай175жыл
#Қарасөздер130жыл
#Мерейгеркітаптар
#Отыраркітапханасы