+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

Мерейгер кітаптар - 2020

МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР – 2020

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНЕ» – 130 ЖЫЛ

Отыз алты, отыз жеті, отыз сегізінші сөздеріне философиялық талдау.

Ақын отыз алтыншы сөзінде иман, ұят деген ұғымдардың бірлігін, ар-ұятсыз иман-инабатының жоқтығын айтып, «ұят» деген ұғымға тоқталады: «Ұят деген адамның өз бойындағы, адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнəрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар». Абай: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да», — деп қынжылады.

Қара сөздердің үздік үлгісі, өрнекті өнегесі — отыз жетінші сөзде жинақты, жүйелі беріледі. Кемеңгер ақын мұнда өмірдің өрнекті тағылымдарын, тəлімді тəжірибелерін барынша қонымды, қысқа-ңұсқа үлгіде жеткізеді. Абайдың ойынша, білім, ғылым, ізгілік, сезім, махаббат, ақыл мəселелерінің барлығы мінезге келіп тіреледі. Бұл жөнінде ол отыз жетінші сөзінде:

«Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», — деп ой түйеді.

Отыз сегізінші сөздің негізгі идеясы туралы Абай: «Ғұмыр өзі — хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кəмəлат жоқ», — дейді. Нақтылы ой. Бар мəселенің кілті — ғұмыр. Тек ғұмыр болған соң ғана, өзге нəрселер туралы мазмұнды əңгіме жасауға болады. Абай қай өлеңінде немесе қай қара сөзінде болсын қулықты, зұлымдықты, арамдықты дəріптемеген. Керісінше, сондай жаман қасиеттерден жұртты жирендіріп, адалдыққа, имандылыққа тəрбиелеген. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің. Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнəрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі осыдан шығады. Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады». Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты — Алла, ғылым — Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Оның пайым түсінігі бойынша, оқыған жастардың өз Отанына пайдасы тиюі үшін, олардың бойында басты адамгершілік сапа имандылық болуы шарт.

Бұл шығармасында ақын: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, əр нəрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлəн табылады. Ол — Алланың ғылымы емес, һəмманы біле-тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамдық өзіндік ғылым береді. Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым — Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һəм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нəрселердің махаббаты бірлəн ғылым-білімнің ақиқаты табылмайды.

Мал, мақтан ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һəм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады», — деген тұжырымға келеді. Осы отыз сегізінші сөзінде біршама ғылым салаларын жүйелеу желісі де ұшырасады.

Абайдың қара сөздерінен байқайтынымыз: қазақтың арғы бабалары есте жоқ ескі заманда, сонау түркі-монғол тайпаларының бірлігі кезінде этностық ұлт болып қалыптасқан да, түркі дəуірінде мемлекеттік ұлтқа айналған. Бірақ сол мемлекеттік ұлт мəртебесін үнемі сақтап тұра алмаған. Бір мемлекетті екінші мемлекет басып алып, оның еркіндігін жоғалтқан сайын ұлт та біресе біреуге тəуелді болып, біресе өзінше дербес өмір сүріп отырған. Сөйтіп, қазақтың өз атымен жеке мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт болуы Қазақ хандығы тұсына дөп келген. Бұл — құба қалмақтың басқыншылығын жойып, қазақ ұлтының шарықтаған шағы.

Белгілі ғалым, профессор Р.С.Каренов

#Абай175жыл

#Қарасөздер130жыл

#Мерейгеркітаптар

#Отыраркітапханасы