МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР – 2020
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНЕ» – 130 ЖЫЛ
Отыз тоғыз, қырық, қырық бірінші сөздеріне философиялық талдау.
Ақынның отыз тоғызыншы сөзі осы бір кезеңді суреттейді: «Рас, бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Ол екі мінезі қайсы десең, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен... Екіншісі — намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа
қарамайды екен, жанын салысады екен...
Осы сөзінде Абайдың айтып отырған екі қасиеті мемлекеттік ұлт болған жұртқа тəн. Алғашқысы — халық түгелімен ел басына бағынған, яғни мемлекетті басқарған қайраткерге толық билік берген. Халық соны тыңдаған, соның бұйрығын орындаған. Ал, сол ел басының билігі топ басылары арқылы жүзеге асып отырған.
Абайдың айтып отырған екінші қасиеті — қазақ жеке мемлекет болғанда ешкімге намысын жібермеуші еді, елдің бірлігі күшті еді. Аруақ шақырып, мемлекетті қорғауға барлық қазақ күш салушы еді — деген идея.
Қырқыншы сөзінде Абай пендешілік түрлерін, оның себептерін тізіп береді. Бұл сөзін ол өз замандастарына қойылған сұрақ түрінде жазған. Сұрақ бере отырып ойланту, сол заманның келеңсіз көріністеріне философиялық астар беру мақсатын ұстанған.
Абайды қатты қинаған мəселе: қалай қазақты бұрынғы мемлекеттік ұлт қалпына келтіру болды. Ол оның жолын іздеді. Сынады, мысқылдады, білімге шақырды. Ақыл айтты. Болмаған соң қырық бірінші сөзінде мынандай ойға келді: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нəрсе керек.
Əуелі — бек зор үкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол əрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хəтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.
Екінші — ол адам есепсіз бай боларға керек». Ата-аналары пара беріп, балаларын тағлым жолына салу үшін, бүкіл қазақты паралап алу қай кісінің қолынан келмек. Ондай дəулет қайда. Міне, тұйыққа тірелу. Осы тұйықтан қалайша шығуға болады, оның жолын таппаған Абай: «Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық əлдеқашан адамшылықтан кетірген», — деп налиды. Бұл амалы таусылған адамның сөзі. Тегінде, Хакім Абай айтқан билік пен байлық ұлттық мүддеге құрылған мемлекеттің қызметі, ондай мемлекеті жоқ, басы бостандыққа түскен саяси еркіндігінен, өзін-өзі басқарудан аластатылған қазақтың надандықтан шыға алмауы түсінікті. Осыны жанымен ұға келе Абай: «Енді не қылдық, не болдық?», — дейді.
Белгілі ғалым, профессор Р.С.Каренов