+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

Мерейгер кітаптар - 2020

МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР – 2020

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНЕ» – 130 ЖЫЛ

Жиырма екінші, жиырма үшінші сөздеріне философиялық талдау.

Жиырма екінші сөзінде Абай халық тұрмысындағы əркімнің орнын анықтап, соған сай кімді жақтап, кімді қадірлемекпін деген ойға түседі: «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ... Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп.

Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр... Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бəрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, əділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бəрі де есті. Ғарып-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар. Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес. Жə, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік?» — дейді ғұлама. «Ырыс баққан, дау бақпас» деген мақалға тоқтап, Абай өз байлығына өзі ие бола алмай, қу, сұмға, ұры-қарыға, болыс, биге, орыс əкіміне жем болып жүрген қазақтың момын байларын аяп, соның тілеуін тілегенді жөн көрген. Ақынның жалығу мен мақтанға қатысты көзқарастары — «бір қуаныш, бір жұбаныш» төңірегінде кең өріс алады (жиырма үшінші сөз). Халқымызда, өмір-тұрмыста жиі ұшырасатын — жақсы-жаман, дос-дұшпан, надан-залымның əрекет-қимылдары, «көппен көрген — ұлы той» дегенге табан тіреу сынды ерекшеліктердің қыр-сыры ашылады. Өмір-тұрмыстың мысал-дерегі де, түйткіл тұстары да сұрақ-жауап үлгісінде алға шығады. Қисынды тұстары, күдікті мезеттері де көрсетіледі. Сайып келгенде, ақын оны əуел баста-ақ: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар. Оның қуанышы елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады: Құдай пəленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сəулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? — деп... Енді жұбаныш жалғыз біз бе, елдің бəрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады», — деп түйін жасайды. Өмір — мұратын, тəлім тəжірибе-тағылымын үлгі етеді.

Белгілі ғалым, профессор Р.С.Каренов

#Абай175жыл

#Қарасөздер130жыл

#Мерейгеркітаптар

#Отыраркітапханасы