+7 (7252) 27-78-52, 29-64-08 Otirar-nursat@mail.ru facebook.com/ms.otyrar instagram.com/otyrarlib.kz

Жаңалықтар

Мерейгер кітаптар - 2020

МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР – 2020

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНЕ» – 130 ЖЫЛ

Жиырма алты, жиырма жеті, жиырма сегізінші сөздеріне философиялық талдау.

Ақынның жиырма алтыншы сөзі былай басталады: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен?». Автор мысқылдап, озса хайуан озды, жықса баласы не өзі емес, бөтен адам жықты, мұнда сонша мақтанарлық не бар? Мұның бəрі өзгелерді ызаландырмақ ниетпен, түймедейді түйедей етіп көрсететін қазақтың даңғойлығы дей келе, Абай сол мақтаншақтықты, біреуге ор қазуды əшкерелейді. «Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс», — деп біреуді ыза қылғанға сонша қуанарлық ештеңе жоқтығын, оған ызаланып жер болып, қорланудың да бекершілік екенін айтады.

Жиырма жетінші жəне жиырма сегізінші қара сөздердің Абайдың дүниеге көзқарасын түсіну үшін ерекше мəні бар.

Ежелден шешуін күткен мəнді мəселелер — Құдай мен дүниенің байланысын, табиғат пен адамның, тəн мен жанның байланысын ұғу, түсіну. Əсіресе, Абай өмір сүрген кезеңде дүниенің сыры мен сипатын білуді аңсаған қазақ халқы бұл мəселеге жауап беруді, шешім айтуды өзінің алдыңғы қатарлы, көзі ашық Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты перзенттерінің ақыл-парасатына міндет еткен.

Жаратылыстың заңдылықтарын білуге, өз білгенін халқына білдіруге ұмтылған Абай жиырма жетінші сөзінде айтылған проблемаларға шешім іздестіреді. Өзінше жауап тауып, оларды халыққа түсіндірмек болады. Сол іздену жолында ұлы грек философы Сократпен пікір жарыстырады. Екі авторға тəн ортақ ой — екеуі де адамды алғаш жаратқан Құдай, адамға ақыл беріп, қол бітіріп, тік жүргізерлік етіп, оны басқа жануарлардан ерекше, өзгеше жасаған Құдай деп түсінеді. Сезім мүшелерінің атқаратын қызметтерін түсінуде, түсіндіруде екеуінде де теологизм бар. Олар дүние мен адамды алғаш жаратқан Құдай деп түсінсе де, жаратылғаннан кейінгі Құдай мен адамның «арақатынасын» екеуі екі басқа ұғады.

Грек ойшылының түсінігінде барлық іс-əрекетті жасаушы да, жасатушы да Құдай, бəрін біліп, сезіп тұрғандықтан, адам одан сескенуі керек, сондықтан да жамандықтан аулақ, жақсылыққа бейім болу қажет. Ал Абайша, Құдай жақсылық пен жамандықтың жасаушысы, бірақ жасатушысы емес, ол адамның күнделік өміріне қатыспайды, не іс істесе де адам өзі істейді, сондықтан да өз қылығы үшін өз ары алдында жауап беруі керек. Адам біреуден қорыққандықтан, сескенгендіктен емес, адам болғандықтан, оған сай ақыл, ары болғандықтан жақсылық пен игілікке үйір болып, жамандық пен зұлымдықтан қашуы керек.

Абай дін мəселелерін адамгершілікпен тікелей ұштастыра тексереді. Қазақ ағартушының грек философынан тағы да бір ерекшелігі осында. «Адам бол» деген этикалық принцип ұсынып, діннің өзін адам тəрбиелеудің құралына айналдырмақ болады. Сондықтан да Абай «Құдайды» адамгершілік, əділеттілік, шындық, тəрбие, махаббат, бір сөзбен айтқанда, мораль мəселесімен, байланыстырады. Дінді адамгершілікке бағындырмақ болады.

Жиырма сегізінші сөзінде Абай адам баласын жігерсіздікке, дəрменсіздікке жетелейтін қате түсініктерді сынайды. Адам өз өмірінің тағдырын өзі шешуге тиіс екенін айтады. Ол үшін еңбектеніп, ізденіп, ақылға салып, сақтанып қарекет қылуға тиісті екенін ескертеді. Ақын адамның ақылына сенеді. Оған үлкен сенім артады: «Əрбір ақылы бар кісіге иман парыз, əрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Жəне де əрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек»,— дейді ақын.

Белгілі ғалым, профессор Р.С.Каренов

#Абай175жыл

#Қарасөздер130жыл

#Мерейгеркітаптар

#Отыраркітапханасы